Жамбыл облысында 1 ГВт ЖЭС құрылысы жобасы бойынша электр энергиясын сатып алу туралы шартқа қол қойылды
ҚР Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша
Астана қаласында, 2023 жылғы 9 маусымда "Жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Франция Республикасының Үкіметі арасындағы арнайы келісім шеңберінде ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің, TotalEnergies төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуянненің қатысуымен "ЖЭК бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы" ЖШС және "Ақтас Энерджи " ЖШС арасында электр энергиясын сатып алу шартына қол қойылды.
Екіжақты қатынастардың келесі қадамы Қазақстан Парламентіндегі келісімді ратификациялау болып табылады. Бұл оқиға француз-қазақстандық инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту үшін берік негіз қалайды. Қол қойылған шартқа сәйкес "ЖЭК бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы" ЖШС қуаты 1000 МВт жел электр станциясы өндіретін электр энергиясын "Ақтас Энерджи" ЖШС (TotalEren бірлескен жобалау компаниясы, "Самұрық-Қазына" АҚ және "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ) сатып алып, қабылдауға ниетті.
ЖЭС жобасының бірегейлігі Қазақстанда алғаш рет жел электр станциясы электр энергиясын жинақтау жүйесімен толықтырылатын болады.
2022 жылғы 30 қарашада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Франция Республикасының Үкіметі арасында "Жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы"арнайы келісімге қол қойылды.
Арнайы келісім республикалар арасындағы энергетика саласындағы ұзақ мерзімді екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған және Қазақстан Республикасының аумағында, жаңартылатын энергия көздері мен жасыл технологиялар саласында іске асырылатын ірі жобаларға қолданылады.
Келісім шеңберінде іске асыру жоспарланып отырған осындай ірі жобалардың бірі Жамбыл облысында (Мирный кенті) қуаты 300/600 МВт энергия жинақтау жүйесімен қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу болады.
Француз тарапынан "Ақтас Энерджи" ЖШС серіктестері 60% үлесі бар TotalEren компаниясы, Қазақстан тарапынан - "Самұрық-Қазына" АҚ және "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ 20% үлесі бар.
Жобаның қуаттылығы бүгінгі күні елімізде пайдалануға берілген барлық ЖЭК объектілерінің жалпы көлемінің 40% асады. Бұл Қазақстанды 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15% - ға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге айтарлықтай жақындатады.