English Русский Қазақша
uploader

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңадан тағайындалған энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті ұжымына таныстырып, алдағы кезеңге арналған энергетика саласындағы басым міндеттерді белгіледі.

Жаңалықтар

 

Үкімет басшысы Энергетика министрлігінің  ірі мұнай-газ жобалары мен экспорттық көлік дәліздерін дамыту жұмыстарын күшейту;

газды қайта өңдеуді ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау;

жылу және электр энергиясын өндіру секторын нығайту;

сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жалғастыруы қажеттігін атап өтті.

 «Соңғы кезде көп жылдар бойы қордаланып келген кейбір мәселелердің беті ашылуда. Дизель отынының жетіспеушілігі, электрмен және газбен жабдықтаудағы ақаулар, жылумен жабдықтау объектілеріндегі апаттар – осының бәрі энергетика саласында елеулі проблемалардың бар екенін көрсетіп отыр. Олардың барлығы жедел түрде шешілуі керек», — деді Әлихан Смайылов.

 Осы орайда Үкімет басшысы министрліктің басты міндеттерінің бірі ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толықтыру екенін, осыған байланысты олардың өндірісі мен айналымын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

«Министрліктің алдында көптеген күрделі мәселе тұр, олардың тиімді шешілуі отын-энергетика саласына ғана емес, бүкіл экономикамыздың болашағына тікелей әсер етеді. Алмасадам Майданұлы өзінің білімі мен тәжірибесін энергетика саласын дамытуға жұмсайтынына сенімдімін. Жалпы бәріміз Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларын бірлесіп және сапалы орындауымыз керек. Жаңа министрге және бүкіл ұжымға табысты жұмыс тілеймін», — деді Премьер-Министр.

Жариялау күні: April 5, 2023